Қазақстанда шипажай-курорттық саланы реттейтін жеке заң қабылдау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл бастама «Әділет» партиясының алаңында өткен жиында талқыланды, деп хабарлайды Kaztourism.media .
Құрылтай депутаты Шолпан Каринованың айтуынша, қазір төрт бейінді комитеттің депутаттары саланың заңнамалық негізін зерделеп жатыр. Олар мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен және сарапшылармен бірлесіп, шипажай-курорттық саланы дамыту үшін қажетті өзгерістерді анықтауға кіріскен.
«Сарапшылардың пікірінше, бұл бағытта жеке заң жобасын және табиғи аймақтарға, жер қойнауына, сондай-ақ емдік суларға қатысты ілеспе түзетулер әзірлеу мәселесі қарастырылуы мүмкін», – деді депутат.

Жиында Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов медициналық оңалту мен шипажайлық-курорттық емдеу ұғымдарын заң жүзінде ажыратуды ұсынды. Оның түсіндіруінше, медициналық оңалту ауыр сырқаттардан, жарақаттар мен операциялардан кейін денсаулықты қалпына келтіруге бағытталса, шипажайлық емдеу аурулардың алдын алу мен жалпы денсаулықты нығайтуды да қамтиды.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі шипажайлық-курорттық емдеудің жеке стандартын әзірлеп, Қазақстандағы табиғи емдік ресурстардың құрамы, қасиеттері мен медициналық көрсетілімдері туралы ақпарат жинақталған бірыңғай дерекқор құруды ұсынды.
Қазақстанда 333 шипажай жұмыс істейді
«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаевтың мәліметінше, бүгінде Қазақстанда шипажай-курорттық салада 333 ұйым тіркелген. Олардың 86 пайызы – жекеменшік. Сонымен қатар елімізде мыңнан астам минералды бұлақ бар, оның 600-ге жуығының емдік қасиеті ғылыми тұрғыдан дәлелденген.
Партия өкілдерінің пікірінше, саланы дамыту үшін шипажайлардың инфрақұрылымы мен медициналық жабдықтарын жаңғыртып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың емделу мүмкіндіктерін кеңейту және жеке инвестиция тарту қажет.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елде 151 мыңнан астам жолдама беріліп, 103 мыңнан астам адам шипажайда ем қабылдаған. Оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға 26 мың жолдама ұсынылған. Қазір азаматтар 146 қызмет көрсетуші тіркелген Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шипажайды өз бетінше таңдай алады.
Шипажайлар ішкі туризмді дамытуға да ықпал етеді
Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, 2023 жылы қазақстандық шипажайларда 413 мыңнан астам адам демалған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға көп.
Жиында шипажайлар туралы ақпаратты жаңарту, инвесторларға қолайлы жағдай жасау және жыл бойы жұмыс істейтін сауықтыру туризмін дамыту мәселелері де көтерілді.
Бұдан бөлек, қатысушыларға пациенттерді есепке алу және шипажайлық емдеуді қаржыландыруды бақылауға арналған отандық «e-Шипажай» цифрлық платформасы таныстырылды. Жүйе бюджет қаражатын тартпай-ақ, «Бурабай» шипажайында 515 пациенттің қатысуымен сынақтан өткізілген.
Кездесу қорытындысында Құрылтай депутаты Нұржан Ниязалиев денсаулық сақтау, туризм, инвестиция тарту және табиғи емдік ресурстарды сақтау бағыттарын біріктіретін шипажай-курорттық саланы дамытудың ұлттық тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды.
Жиын қорытындысы бойынша «Әділет» партиясының жобалық кеңсесі Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, бейінді министрліктер мен сарапшылардың қатысуымен саланы дамытуға қатысты ұсыныстар әзірлемек.
Tourism Talks: сала өкілдері не дейді?
Айта кетейік, санаторий-курорттық саланы дамыту, шипажайлардың жұмыс жүйесі және кәсіподақтардың рөлі бұған дейін Kaztourism.media бас редакторы Алмас Маратұлы жүргізетін Tourism Talks подкастының талқылау алаңында да көтерілген болатын.
Сол талқыда «Астана Туризм» туризмді дамыту орталығының медициналық туризм департаментінің директоры Базарбек Қамысбеков отандық шипажайлардың нарықтық жағдайға бейімделу мәселесін көтерген болатын. Оның пікірінше, санаторийлер кәсіподақтардан келетін тұрақты тапсырысқа үйреніп қалғандықтан, қызмет сапасы мен бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жеткілікті деңгейде ынталанбай отыр.

Сонымен қатар Kompas туроператорының Астана кеңсесінің директоры Ерали Тілеуов кәсіподақтардың туристік қызмет көрсетудегі рөліне қатысты пікір білдірген. Оның айтуынша, кәсіподақтар бүгінде турагенттің қызметін атқарып отыр. Және ол кәсіподақ туралы заң мен туризм саласындағы заңнаманың жекелеген нормалары арасында қайшылық бар екенін атап өтті.
Тілеуов кәсіподақ арқылы берілетін санаторий жолдамаларын ұйымдастыру мәселесіне де тоқталды. Ол кәсіподақтар шипажайларға жолдама беріп, алайда демалушының жолын, экскурсиясын ұйымдастырмайтынын айтты. Туроператор мұндай демалысты «жабайы туризм» және «ұйымдастырылмаған туризм» деп сипаттады.
Талқыға қатысқан ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешов кәсіподақтардың қызметіне қатысты айтылған сынмен келіспейтінін білдірді. Оның сөзінше, осы уақытқа дейін бірде-бір туроператор кәсіподақтарға туристік өнім әзірлеу немесе оны қаржыландыру бойынша ұсыныс жасамаған.