Премьер-министр Олжас Бектенов Kazakh Tourism Development Ltd компаниясы директорлар кеңесінің отырысын өткізіп, Алматы тау кластерін дамыту мәселелерін қарады, деп хабарлайды kaztourism.media.
Отырыста «Kazakh Tourism Development Ltd.» бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев Almaty SuperSki жобасын жүзеге асырудың қазіргі жай-күйі туралы баяндады. Жиын қорытындысында жобаның негізгі нысандарын жобалау және салу мәселелері бойынша бірқатар шешім қабылданды.

Осылайша, Almaty SuperSki жобасы дайындық кезеңінен нақты жүзеге асыру сатысына өтті.
11 аспалы жолдың құрылысын қамтитын жұмыстар кешенін орындауға мердігер анықтау мақсатында халықаралық ашық конкурс өткізілді. Тәуелсіз бақылауды PGI, Hill International және DCSA компаниялары жүргізді. Нәтижесінде 11 заманауи аспалы жолды салу үшін аспалы көлік жүйелерін жобалау, өндіру және пайдалану саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын француздық POMA компаниясы таңдалды.
1936 жылдан бері жұмыс істейтін компания әлемнің 90 елінде 8 мыңға жуық жобаны жүзеге асырған. Оның технологиялық шешімдері жетекші тау шаңғысы курорттары мен қалалық көлік желілерінде кеңінен қолданылады.
Жоба аясында 3S жүйесіндегі гондолалы аспалы жолдар, 10 орындық гондолалы желі және креслолы көтергіштер салу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар халықаралық сәулет бюросы Foster + Partners әзірлеген тұжырымдаманың маңызды элементі саналатын заманауи ағаш конструкцияларды жобалау мен өндіру үшін канадалық StructureCraft компаниясы таңдалды. Компания әлемдегі бірегей нысандарға арналған инженерлік ағаш конструкцияларды жүзеге асырудағы тәжірибесімен танымал.
Ал жобаны басқару, жобалау мен құрылыс жұмыстарын үйлестіру үшін америкалық Hill International компаниясы тартылды.
Премьер-министр Олжас Бектенов жобалау мерзімі мен сапасына қатаң бақылау орнатуды, сондай-ақ қауіпсіздік пен экологиялық жауапкершіліктің халықаралық стандарттарын сақтауды тапсырды.

Almaty SuperSki жобасы Алматы тау кластерінің әлеуетін ашуға, туристік саланың дамуына серпін беруге және қызмет көрсету саласы мен сабақтас салалардың өсуіне ықпал етеді деп күтілуде. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімді әрі қауіпсіз туристік инфрақұрылым қалыптастыру басым бағыттардың бірі болып қала береді.
Бекітілген кестеге сәйкес құрылыс жұмыстары басталды. «Almaty SuperSki» тау шаңғысы курортының іске қосылуы 2028 жылғы желтоқсанға жоспарланған.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы