Ақтауда Каспий теңізі жағалауында жаңа қоғамдық кеңістік салу жобасы таныстырылды. 17 мамыр күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай болашақ жағалау құрылысының жоспарымен танысты.
Жоба бойынша жағалау аумағы шамамен 4,5 шақырымға созылып, құрылыс жұмыстары бес кезеңмен жүзеге аспақ. Жоспарға серуендеу аймақтары, велосипед және жүгіру жолақтары, спорт және балалар алаңдары, фудкорттар, пирстер мен жағажай аумақтарын салу енгізілген.

Сондай-ақ скейт-парк, шолу алаңдары, субұрқақтар мен балалар бассейндерін орналастыру қарастырылып отыр. Жоба аясында күн энергиясымен жұмыс істейтін жарықтандыру жүйелері мен көгалдандыру жұмыстары да жоспарланған.
Жобаның тапсырыс берушісі – «Ақтау қалалық құрылыс бөлімі» ММ. Инвестор ретінде NCOC N.V. компаниясы көрсетілген. Ал құрылыс жұмыстарын «Нурсат» ЖШС жүргізеді деп жоспарланған.

Алдын ала мәлімет бойынша, құрылыс 2026 жылдың сәуірінде басталып, 2029 жылдың қаңтарында аяқталуы керек.

Жоба таныстырылымы кезінде облыс әкімі жағалаудың сәулеттік келбетінде өңірдің тарихи және мәдени ерекшеліктері ескерілуі керек екенін айтты.
«Өңір тұрғындары мен Маңғыстауға келген қонақтар бұл жерден аймақтың ерекше рухын сезінуі керек. Сондықтан жобада ұлттық нақыш, өңірге тән ою-өрнектер мен жергілікті ерекшелік көрініс табуы маңызды. Осы бағытта ақсақалдармен және қоғам өкілдерімен ақылдасқан жөн» - деді облыс басшысы.
Сонымен қатар Нұрдәулет Қилыбай пирс маңында яхташыларға қолайлы жағдай жасау және құрылыс сапасына назар аудару қажеттігін атап өтті.
Егер жоба толық жүзеге асса, Ақтауда жаңа жағалау қоғамдық кеңістігі пайда болады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі