Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде ерекше экологиялық бастама жүзеге асты. Парк аумағындағы Қаскелең орманшылығында ұлттық парктің 30 жылдық мерейтойына «Журналистер аллеясы» ашылды., деп хабарлайды Kaztourism.media

Табиғатты қорғау акциясына журналистер, экологтар, қоғам белсенділері, еріктілер, блогерлер, студенттер мен мектеп орманшылықтарының өкілдері қатысты. Қатысушылар парк аумағына ағаш көшеттерін отырғызып, экологиялық мәдениетті насихаттауға атсалысты.

«Журналистер аллеясы» — ұлттық парк қолға алған символикалық қана емес, идеологиялық маңызы бар жобалардың бірі. Себебі кейінгі жылдары экология тақырыбы қоғамда жиі көтерілгенімен, нақты іске араласатын азаматтар саны әлі де аз. Осы тұрғыдан алғанда, журналистердің табиғатты қорғау акциясына қатысуы — қоғамға берілген маңызды сигнал.

Халықаралық «Парктер шеруі» акциясы Іле Алатауында 30-рет ұйымдастырылып отыр. Ұлттық парк ұсынған мәліметке сәйкес, жыл басынан бері мұнда 270-ке жуық экологиялық іс-шара өткен. Оған 90 мыңға жуық адам қатысып, 14 мыңнан астам ағаш отырғызылған. Сонымен қатар мыңға жуық құс ұясы орнатылып, 21 тонна қоқыс жиналған. Соңғы жылдары Іле Алатауы тек туристік орын ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын маңызды орталыққа айналып келеді.
