11–13 маусым аралығында Алматыда жыл сайынғы New Vision Forum форумы өтеді. Ірі іскерлік алаңда әлемдік деңгейдегі сарапшылар, халықаралық компания жетекшілері мен қазақстандық бизнес көшбасшылары жаһандық экономика, технология және геосаясат мәселелерін талқылайды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, форумға 5000-нан астам қатысушы, 200-ден астам жетекші компания және мыңдаған кәсіпкер жиналады. Шара тұрақты бизнес-қоғамдастықтарды дамытуға және халықаралық серіктестікті нығайтуға бағытталған.

Форум спикерлерінің қатарында Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэл Баррозу, цифрлық экономика және блокчейн сарапшысы Дон Тэпскот, Siri платформасының негізін қалаушылардың бірі Люк Джулия, танымал жазушы Джон Грей және Glovo негізін қалаушы Саша Мишо бар.
Сонымен қатар алаңда қазақстандық бизнес өкілдері де сөз сөйлейді. Олардың арасында BI Group компаниясының негізін қалаушы Айдын Рахымбаев, Centras Group басшысы Елдар Әбдіразақов, Tan Media Group жетекшісі Арманжан Байтасов және Royal Flowers компаниясының негізін қалаушы Әділ Тасболатов бар.

Форумның басты тақырыптарының бірі — геосаяси өзгерістер жағдайындағы бизнестің мүмкіндіктері мен тәуекелдері. Қатысушылар халықаралық нарыққа шығу стратегияларын, компанияларды масштабтау жолдарын және жаңа экономикалық шынайылыққа бейімделу мәселелерін талқылайды.
Форумның негізін қалаушы әрі бас директоры Мақсат Құрбеновтің айтуынша, мұндай алаң қазақстандық кәсіпкерлерге әлемдік сарапшылармен тікелей диалог орнатуға мүмкіндік береді.
«Жаһандық геосаяси өзгерістерді түсіну және халықаралық тәжірибені меңгеру — қазақстандық бизнес үшін аса маңызды. Біз кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктерді көруге және жобаларын халықаралық деңгейге шығаруға көмектескіміз келеді», — деді ол.

Ал форум төрағасы, Kusto Group қосалқы құрылтайшысы Қанат Көпбаев қазіргі кезеңде қазақстандық бизнестің халықаралық аренада белсенді болуы маңызды екенін атап өтті.

Форум аясында нетворкинг сессиялары, технологиялық көрмелер, интерактивті аймақтар мен тәжірибелік воркшоптар ұйымдастырылады. Қатысушылар New Vision Expo көрмесіне қатысып, жабық сессиялар мен мәдени бағдарламаларға қол жеткізе алады.
Іс-шараны Nobel Fest ұйымдастырады. Форум Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді. Ресми әуе тасымалдаушысы — Air Astana. Ал Kaztourism.media ақпараттық сайты форумның ресми ақпараттық серіктесі ретінде қолдау көрсетеді.