Астанада Еуразияның басты қаржы форумы өтеді

AFD 2026
AFD 2026

9–10 қыркүйек күндері Астанада Еуразия өңіріндегі инвестиция және қаржы саласының басты пікірталас алаңдарының бірі — Astana Finance Days 2026 халықаралық форумы өтеді, деп хабарлайды kaztourism.media.

Іс-шараны «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) тоғызыншы рет ұйымдастырмақ. Биылғы форум Delivering Impact. Capital in Action тақырыбына арналады.

Форумға әлемнің 80-нен астам елінен 5 500-ден астам қатысушы келеді деп күтілуде. Олардың қатарында инвесторлар, қаржы институттарының басшылары, реттеушілер, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор өкілдері, технологиялық компаниялар мен халықаралық бизнес өкілдері бар.

Форумда кімдер сөз сөйлейді?

Astana Finance Days 2026 спикерлерінің қатарында Қазақстанның мемлекеттік органдары мен ұлттық компанияларының өкілдері, халықаралық қаржы институттары және әлемдік инвестициялық компаниялардың басшылары бар.

Олардың арасында Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының төрайымы Елена Бахмутова, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Islamic Development Bank Institute өкілі Сами Ибрагим Аль-Сувайлем, Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов, Binance өкілі Кирилл Хомяков, ITS өкілі Александр Диаковский, Mastercard өкілі Санжар Жамалов, Air Astana өкілі Ибрахим Жанлыел бар.

Сондай-ақ форумда BlackRock, Goldman Sachs, Brookfield, FTSE Russell, Bloomberg, Hong Kong Investment Corporation, Hong Kong Exchanges and Clearing, Shanghai Stock Exchange, CICC және басқа да халықаралық қаржы ұйымдарының сарапшылары қатысады.

Негізгі тақырыптар

AFD 2026 аясында әлемдік қаржы нарығындағы өзгерістер мен инвестицияның жаңа бағыттары талқыланады.

Форумның негізгі тақырыптары:

  • капитал нарықтары және инвестициялық өнімдер;

  • реттеу, құқықтық орта және нарықтардың тұрақтылығы;

  • қаржы саласындағы инновациялар;

  • экономиканың нақты секторын қаржыландыру;

  • өңірлік және трансшекаралық инвестициялық ынтымақтастық;

  • жаңа бизнес пен инвестициялық мүмкіндіктер.

Форум пікірталаспен ғана шектелмейді. Қатысушылар инвесторлармен, топ-менеджерлермен және қаржы индустриясының көшбасшыларымен тікелей байланыс орнатып, жаңа жобалар мен серіктестіктерді талқылай алады.

АХҚО-ға ерекше назар аударылады

Биылғы форумда «Астана» халықаралық қаржы орталығының экожүйесі мен оның халықаралық бизнес үшін беретін мүмкіндіктеріне де ерекше көңіл бөлінеді.

Қатысушыларға АХҚО юрисдикциясында бизнесті дамытуға қатысты нақты кейстер ұсынылады. Оның ішінде компаниялардың өсуі, инвестиция тартуы және халықаралық нарықтарға шығу тәжірибелері көрсетіледі.

Сонымен қатар форум аясында AFD Exhibition көрмесі ұйымдастырылады. Мұнда банктер, қаржы және инвестициялық компаниялар, финтех жобалар мен технологиялық бизнес өз өнімдері мен шешімдерін таныстырады.

Astana Finance Days 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде форум Еуразиядағы капитал нарықтарын дамытуға, инвесторлар мен бизнес өкілдерін байланыстыруға және Қазақстандағы жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді таныстыруға бағытталған ірі халықаралық алаңға айналды.

Биылғы форум 9–10 қыркүйекте Астанада өтеді.

Читайте также

Вам может быть интересно