Comic Con Astana 2026 фестиваліне арнайы келген «Тақтар таласы» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлімен танымал дат актері Николай Костер-Вальдау Қазақстан туралы әсерімен бөлісті, деп хабарлайды kaztourism.media.
Фестивальдің хэдлайнері Астанада бір тәуліктен сәл астам уақыт болған. Осы уақыт ішінде ол Қазақстанның мәдениеті мен қаласымен танысып, «Бәйтерекке» барған.
Актер елордаға сапары кезінде көп ет жегенін әзілмен айтып, соңғы үш жылда жеп көрмеген мөлшердегі етті Астанада жегенін жеткізді.
Костер-Вальдау «Бәйтеректегі» алтын алақанға қолын қойып, тілек тілегенін де айтып берді.
«Тілеген тілегіңді айтуға болмайтынын білесіздер ғой... Дегенмен мойындайын: мұнда тағы бір рет оралуды тіледім», — деді актер.
Журналистер одан Қазақстан «Тақтар таласы» әлемінде қандай рөл атқара алар еді деп сұрады. Актердің пікірінше, еліміз дипломатия мекеніне айналар еді.
«Тақтар таласы» өлшемімен қарасақ, Қазақстан қазірдің өзінде екі қуатты көршінің ортасында орналасқан. Сериалда ол Ланнистерлер мен дотракийлер елінің арасында болып, дипломатия аумағының рөлін атқарар еді. Оны екі тарап та өздерінің ең жақын досы санайтын ел ретінде елестетемін, — деді фестиваль хэдлайнері.
Актер сонымен қатар қазақстандық киномен жақынырақ танысқысы келетінін айтты. Оның ерекше назарын Маңғыстаудың табиғаты аударған.
Николай Костер-Вальдау — «Тақтар таласы» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлі арқылы әлемге танылған актер. Ол бұдан бөлек «Black Hawk Down», «Oblivion» және «Gods of Egypt» фильмдерінде ойнаған.
Comic Con Astana 2026 — Орталық Азиядағы поп-мәдениетке арналған ірі фестивальдердің бірі. Биылғы шараның басты қонақтарының қатарында Николай Костер-Вальдау болды.