Cirque du Soleil шоуы Астанаға келді

OVO
OVO

Астанада әлемге әйгілі Cirque du Soleil компаниясының «OVO» шоуының көптен күткен премьерасы өтті. 17 жыл ішінде 50-ге жуық елде көрсетіліп, 10 миллионнан астам көрермен жинаған бұл қойылым Қазақстанда алғаш рет ұсынылып отыр, деп хабарлайды kaztourism.media.

Премьера «Барыс Аренада» өтіп, мыңдаған көрерменді жинады. Қазақстан әлемдік гастрольдік турдың 47-ші еліне айналды. Бұл – Cirque du Soleil компаниясының елімізге жасаған екінші сапары.

«OVO» португал тілінен аударғанда «жұмыртқа» дегенді білдіреді. Қойылым оқиғасы жәндіктер әлемінде өрбиді. Сахнадағы жұмбақ жұмыртқа түрлі кейіпкерлерді біріктіріп, махаббат, қызығушылық және өмірдің үздіксіз қозғалысы туралы әсерлі хикаяны баяндайды.

OVO
OVO

Шоу көрермендерді әлемде сирек кездесетін акробатикалық нөмірлерімен таңғалдырды. Олардың қатарында алып қозғалмалы жапырақ үстіндегі керілген арқандағы трюктер, моңғолиялық әртістің тек тісімен тіреліп орындайтын ерекше өнері және толық қараңғылықта ультракүлгін жарықпен көрсетілетін жапондық диаболо-жонглердің қойылымы бар.

OVO
OVO

Екі сағаттық шоу барысында көрермендер әуе таспаларындағы көбелектердің романтикалық дуэтін, қабырғаға секіретін шегірткелерді және алты метр қашықтықтағы платформалар арасында бір-бірін лақтыратын скарабейлердің күрделі акробатикалық нөмірлерін тамашалады.

Cirque du Soleil әртістері
Cirque du Soleil әртістері

Қойылымды дайындауға 25 елден келген 100-ден астам маман қатысқан. Сахнада Олимпиада қатысушылары, халықаралық чемпиондар, кәсіби акробаттар, тірі музыкалық топ пен вокалист өнер көрсетеді.

Cirque du Soleil әртістері
Cirque du Soleil әртістері

Премьераға келген астаналық Айдана Ибраева шоу әсерінен Австрияға жоспарланған сапарын кейінге шегергенін айтты.

«Бұл жай ғана цирк емес, нағыз өнер туындысы. Кейбір нөмірлер адамның физикалық мүмкіндігінен тыс сияқты көрінеді. Ұлым тіпті гимнаст болғысы келетінін айтты», – дейді ол.

Ал «OVO» қойылымындағы Крикет рөлін сомдайтын әртіс Дмитрий Федоровский Қазақстан туралы жылы пікірін білдірді.

«Астана өте жағымды әсер қалдырды. Кең көшелері мен заманауи архитектурасы ұнады. Бешбармақ, жылқы етінен жасалған стейк және сүтті шайды алғаш рет татып көрдім. Әсіресе сүтті шай қатты ұнады», – деді әртіс.

Дмитрий Федоровский
Дмитрий Федоровский

Cirque du Soleil өкілдерінің айтуынша, шоу бір жарым жыл бұрын толық жаңартудан өткен. Жаңа акробатикалық нөмірлер қосылып, костюмдер мен музыка жаңартылған.

«OVO» шоуы Астанада 7 маусымға дейін жалғасады. Кейін қойылым алғаш рет Алматыға барып, 11–14 маусым аралығында «Алматы Аренада» өтеді. Ұйымдастырушылар Қазақстан бойынша өтетін 14 қойылымды 70 мыңнан астам көрермен тамашалайды деп күтуде.

Астаналық көрермендер
Астаналық көрермендер

40 жылдан астам тарихы бар Cirque du Soleil бүгінде әлемдегі ең танымал цирк театрларының бірі саналады. Компания құрылғаннан бері оның қойылымдарын 400 миллионнан астам адам көрген.

Читайте также

Вам может быть интересно