Викингтер плей-оффта! Норвегия тарихи нәтижеге қол жеткізді

Photo: bostonherald.com
Photo: bostonherald.com

«Викингтер» деген лақап атпен танымал Норвегия ұлттық құрамасы 28 жылдан кейін әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қайта оралып, өз тарихында алғаш рет плей-офф кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды kaztourism.media.

Стурле Солбаккен шәкірттері топтық кезеңде сенімді ойын көрсетті. Алғашқы матчта Ирак құрамасын 4:1 есебімен жеңсе, кейін Сенегалды 3:2 есебімен тізе бүктірді. Соңғы турда Франциядан 1:4 есебімен жеңілгенімен, жинаған 6 ұпайының арқасында өз тобында екінші орын алып, келесі кезеңге өтті.

Норвегия құрамасының бұл жетістігінде бас бапкер Стурле Солбаккеннің де қолтаңбасы анық байқалды. Бір қызығы, команданың тек үшінші қақпашысы Сандер Тангвик қана алаңға шыққан жоқ. Ал қалған барлық футболшылар әлем чемпионатында ойын тәжірибесін алды. Бұл бапкердің әрбір ойыншыға сенім артып, құрамдағы ойыншыларды тиімді пайдалана білгенін көрсетеді.

Алаң сыртында да норвегиялықтар ерекше әсер қалдырды. Команданың жанкүйерлері трибунада викингтердің рухын бейнелейтін әсерлі перформанс ұйымдастырды. Олар ескек есіп отырған қайықшыларды бейнелеп, викингтердің жауынгерлік ұранын еске салатын дауыстарымен стадионды дүр сілкіндірді.

Бұл көрініс футбол жанкүйерлеріне кезінде ерекше қолдау мәдениетімен танылған Исландия жанкүйерлерін еске түсірді. Өкінішке қарай, Исландия бұл жолы әлем чемпионатына қатыса алмады. Ал олардың орнын скандинавиялық рухты жалғастырған Норвегия жанкүйерлері лайықты түрде толтыра білді.

Енді өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шыққан «викингтерді» жаңа, одан да маңызды сынақтар күтіп тұр.

Материалды дайындаған: Әлішер Маратұлы

Читайте также

Вам может быть интересно