Қытайдың ең көне астаналарының бірі саналатын Сиань қаласы туралы бұрын тек дүниежүзі тарихы оқулығынан ғана білетінбіз. Ұлы Жібек жолының бастау нүктесі, императордың Терракота әскері, мыңжылдық тарихы бар көне шаһар туралы деректер мектеп қабырғасынан таныс. Алайда бұл жолы сол тарихи орындарды өз көзімізбен көруге мүмкіндік туды.
Бүгінде Сиань - 12 миллионнан астам халқы бар заманауи мегаполис. Бірақ дәл осы қала Қытай өркениетінің бастауы саналады. Бір кездері Чанъань деп аталған Сиань 13 әулеттің астанасы болған және Ұлы Жібек жолының шығыс қақпасы саналған, деп хабарлайды kaztourism.media.
ТЕРРАКОТА ӘСКЕРІ: ӨЛІМНЕН ҚОРЫҚҚАН ИМПЕРАТОР
Сианьға келген туристердің басты мақсаты – Терракота әскерін көру. Император Цинь Шихуанның қабірін күзету үшін жасалған бұл мүсіндердің жасы 2200 жылдан асады.
Терракота әскері 1974 жылы кездейсоқ табылған. Жергілікті шаруалар құдық қазып жатып ежелгі мүсіндердің сынықтарына тап болған. Кейін археологтар мұнда әлемдегі ең ірі археологиялық жаңалықтардың бірін ашты.

Ең қызығы – сарбаздардың бет-бейнесі бірдей емес. Археологтардың айтуынша, кешенде 8 мыңнан астам жауынгердің мүсіні бар. Сонымен қатар бұл жерден жүздеген жылқы, әскери арба және шенеуніктердің мүсіндері табылған. Оған қоса мүсіндердің қауіпсіздігі үшін 6 мыңға жуық экспонат әлі күнге дейін қазылмаған.
Тағы бір қызықты дерек: бүгінде сұр түсті болып көрінетін сарбаздар алғашында қызыл, көк, жасыл және күлгін түстермен боялған. Алайда жер астынан шығарылғаннан кейін бояулардың көп бөлігі ауамен қарым-қатынасқа түскен себептен өзгеріп кеткен.

Бүгінде Терракота әскері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Жыл сайын мұнда 6-8 миллион турист келеді.
Комплекске кіру құны: 120 юань.
ХУАШАНЬ: ҚЫТАЙЛЫҚТАРДЫҢ ҚАСИЕТТІ ТАУЫ
Сианьнан шамамен 120 шақырым жерде орналасқан Хуашань тауы Қытайдағы бес қасиетті таудың бірі саналады. Биіктігі 2154 метрге жететін тау тік жартастарымен танымал. Даосизм дінінде бұл тау ерекше қасиетті орындардың бірі болып есептеледі.

Сонымен қатар Хуашань әлемдегі ең қауіпті туристік бағыттардың бірі ретінде белгілі. Мұндағы әйгілі Plank Walk соқпағы жартастың дәл қапталымен өтеді. Бұрын бұл бағытпен жүру өте қауіпті болса, бүгінде арнайы қауіпсіздік жүйелері орнатылған.
Жыл сайын Хуашаньға 2-3 миллион турист келеді. Ал шыңнан ашылатын көріністі сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
ХУАШАНЬҒА ҚАЛАЙ ЖЕТУГЕ БОЛАДЫ?
Сианьнан Huashan North станциясына дейін жүрдек пойызбен шамамен 30 минутта жетуге болады. Одан түсіп, автобуспен немесе таксимен баруға болады. Немесе Сиань теміржол вокзалынан қатынайтын туристік автобустармен бара аласыз. Бұл жағдайда жол шамамен екі сағатқа созылады.
Экологиялық пост құны – 160 юань, аспалы жол – 150 юань, автобус – 40 юань кетеді.
ХАНЬФУ КИІП, ҚЫТАЙЛЫҚ БОЛДЫҚ
Соңғы жылдары Қытайда ханьфу мәдениеті қайта танымал бола бастады. Ханьфу – бірнеше мың жылдық тарихы бар дәстүрлі қытай киімі.

Сиань көшелерінде мыңдаған адам ханьфу киіп серуендейді. Туристер арнайы салондарға барып, кәсіби макияж жасатып, дәстүрлі киімдерді жалға алып, ежелгі Қытай дәуірінің кейіпкерлеріне айналады. Бір сәтке бірнеше ғасыр бұрынғы Қытайға тап болғандай әсер аласыз.
Макияж жасатып, костюмді жалға алу бағасы – 100-300 юань.
ТАН ӘУЛЕТІНІҢ ШОУЫ: ҚЫТАЙ ТҰШПАРАСЫ ҺӘМ ИМПЕРАТОРЛЫҚ БАНКЕТ
Сиань сапарындағы ең ерекше әсер сыйлаған орындардың бірі – Xian Tang Dynasty Show болды. Бұл жерде біз Тан әулетінің ән мен би шоуын тамашаладық. Аталған бағдарлама Сианьдағы ең танымал мәдени қойылымдардың бірі саналады. Шоу барысында көрермендерге дәстүрлі музыка, сарай билері мен Тан дәуірінің мәдениеті таныстырылады. Дәл осы кезеңде Сиань (ол кездегі атауы Чанъань), әлемдегі ең ірі әрі ең бай қалалардың бірі болған. Ұлы Жібек жолының арқасында мұнда Қытайдан бөлек, Орталық Азия, Парсы және араб елдерінен келген саудагерлер мен саяхатшылар өмір сүрген.

Кеш қытайлықтардың дәстүрлі тағамдарын ұсынудан басталады. Қонақтарға бірнеше тағамнан тұратын арнайы мәзір ұсынылады. Оның құрамына қытай тұшпарасы, көкөніс пен еттен дайындалған ұлттық тағамдар, сорпалар және жергілікті асхананың танымал дәмдері кіреді.
Тамақтану барысында сахнада Тан әулетінің музыкасы мен билері көрсетіледі. Әртістердің костюмдері, музыкалық аспаптары мен қойылымдары ежелгі Қытай сарайындағы өмірді бейнелейді.

70 минутқа созылған қойылымда Тан әулетінің тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрлері көркем түрде сахналанды. Сондықтан бұл кешті жай ғана театр қойылымы немесе мейрамхана деп айту қиын. Бұл – Қытайдың алтын дәуірімен таныстыратын мәдени әрі гастрономиялық саяхат.
Кешкі ас пен шоу билеті – 400 юань.
СИАНЬ ҚОРҒАНЫ МЕН КӨНЕ ТАРАЗДЫ НЕ БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ?
Сианьның дәл орталығында – көне қала қорғаны тұр. Ұзындығы шамамен 14 шақырым болатын қорған XIV ғасырдан бері сақталған. Бұл – әлемдегі ең жақсы сақталған қала қабырғаларының бірі. Қабырғаның ені кей жерлерде 18 метрге дейін жетеді. Бұрын оның үстімен әскери арбалар мен атты әскер еркін жүрген деседі. Қазір велосипедпен серуендесеңіз болады.

Кезінде дәл осы қақпалар арқылы Ұлы Жібек жолының керуендері өткен. Қазақстан аумағындағы Тараз, Отырар, Сауран және Сарайшық қалаларынан шыққан саудагерлердің жолы да осы Чанъань қаласына келіп тірелген.
Кіру құны – 54 юань.
ҚЫТАЙДАҒЫ МҰСЫЛМАН АУДАНЫ
Мұсылман кварталы – Сианьның ең танымал аудандарының бірі. Мұнда Ұлы Жібек жолы арқылы келген араб, парсы және Орталық Азия саудагерлерінің ұрпақтары тұрады.

Кварталда Қытайдағы ең көне мешіттердің бірі орналасқан. Оның сәулеті дәстүрлі ислам архитектурасынан гөрі қытайлық сарайларға көбірек ұқсайды.

Бұл аудан көше тағамдарымен де әйгілі. Мұнда қой етінен жасалған тағамдар, қолдан иленген кеспе, түрлі тәттілер мен ұлттық тағамдар сатылады. Қайтар жолда осы ауданға міндетті түрде соғып, Сиань қаласынан естелік үшін кәдесыйлар алуға болады.

МЕТРОСЫЗ МҮМКІН ЕМЕС
Сиань халқының саны 12 миллионнан асады. Осындай алып қаланың қозғалысын метро қамтамасыз етеді. Қазір Сианьда 16 метро желісі жұмыс істейді. Метро желілерінің жалпы ұзындығы жүздеген шақырымды құрайды. Қала ішінде қозғалу өте ыңғайлы әрі арзан. Метро станциялары заманауи технологиялармен жабдықталған және күн сайын миллиондаған жолаушыны тасымалдайды.
СИАНЬҒА НЕ ҮШІН БАРУ КЕРЕК?
Сиань – Қытай өркениетінің бастауы. Дәл осы жерден Ұлы Жібек жолы басталып, Еуразия құрлығындағы сауда мен мәдени байланыстың негізі қаланды. Мұнда бірнеше мың жылдық тарих пен заманауи мегаполис қатар өмір сүріп жатыр. Бір жағында 2200 жылдық Терракота әскері болса, екінші жағында 16 метро желісі бар мегаполис орналасқан.
СИАНЬҒА ҚАЛАЙ БАРУҒА БОЛАДЫ?
Қазақстандық туристер үшін Сианьға жету қазір бұрынғыдан қарағанда әлдеқайда оңай. 2026 жылғы 30 маусымнан бастап FlyArystan әуе компаниясы Алматы – Сиань бағыты бойынша тікелей рейстерді іске қосты. Рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және жұма күндері орындалады.
Сиань бағытының ашылуы кездейсоқ емес. Мыңдаған жыл бұрын дәл осы жерден керуендер Орталық Азияға, оның ішінде қазіргі Қазақстан аумағына қарай жол тартқан. Сондықтан жаңа әуе бағытын Ұлы Жібек жолының заманауи жалғасы деуге болады.

Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимнің енгізілуі екі ел арасындағы туристік байланысты одан әрі нығайтты. Мәселен 2025 жылы Қытайдан елімізге 241 мыңнан астам турист келген. Ал енді қазақстандықтар Қытайдың тарихи астаналарының біріне еш кедергісіз саяхаттай алады.
Айта кетейін, Сиань бағыты бойынша рейстерге тегін онлайн тіркелу ұшақтың ұшу уақытынан 10 күн бұрын ашылады. Билеттерді FlyArystan әуе компаниясының мобильді қосымшасы немесе ресми сайты арқылы сатып алуға болады. Билеттер 2026 жылдың 23 қазанына дейінгі рейстерге қолжетімді.
Егер Қытайдың тарихын білгіңіз келсе, сапарды дәл осы Сиань қаласынан бастаған жөн. Өйткені Қытай тарихы дәл осы жерден басталады.