Әлемдегі геосаяси жағдай Астана туризміне жаңа мүмкіндік ашты

Әлемдегі геосаяси жағдай Астана туризміне жаңа мүмкіндік ашты

«Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы Ресейдің ірі қалаларында көшпелі роуд-шоулар сериясын ұйымдастырды. Алғашқы іс-шара Омбы қаласында өтті.

Роуд-шоулардың негізгі мақсаты - Астананың туристік әлеуетін Ресей нарығына таныстыру және Ресей өңірлерімен туристік ынтымақтастықты нығайту.

Іскерлік бағдарлама барысында қатысушыларға елорданың басты туристік бағыттары, инфрақұрылымы мен ірі мәдени-спорттық іс-шаралары таныстырылды. Олардың қатарында Леонардо да Винчи көрмесі, Cirque du Soleil шоуы, «Future Games 2026» мультиспорттық турнирі, Энрике Иглесиастың концерті, сондай-ақ ұлттық тағамдар мен қымыз фестивалі BaiQymyz бар.

Делегация құрамына Астананың туристік саласындағы 18-ден астам өкіл кірді. Олардың қатарында туроператорлар, қонақ үйлер, туристік нысандар, әуе компаниялары және туристік бизнес өкілдері болды.

Бағдарлама аясында Астананың b-leisure (business + leisure), медициналық, өнеркәсіптік, мәдени-ойын-сауық, wellness және гастрономиялық туризм бағыттары таныстырылды. Сонымен қатар Ресей нарығына арналған арнайы туристік ұсыныстар ұсынылды.

Айта кетейік, Қазақстанға келетін шетелдік туристер саны бойынша Ресей көш бастап тұр. 2025 жылы Ресейден Қазақстанға 429,8 мың адам келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,2 пайызға көп.

«Қазақстанды болашағы зор туристік бағыт ретінде қолдап, қызығушылық танытып отырған ресейлік серіктестерімізге алғыс білдіремін. Бұл кездесу екі ел арасындағы туристік байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам болды», — деді «Astana Tourism» басқарма төрағасының орынбасары Саят Құсайынов.

Алдағы кездесулер 20 мамырда Новосібірде және 22 мамырда Екатеринбургте жалғаспақ.

Айта кету керек, қазіргі геосаяси жағдай халықаралық мәдени, ойын-сауық және спорт индустриясына да әсер етпей қоймады. Соның салдарынан бұрын Ресейде ұйымдастырылып келген бірқатар ірі халықаралық концерттер, шоулар мен турнирлер басқа елдерге ауыса бастады. Бұл жағдай Астана үшін жаңа мүмкіндікке айналып отыр. Елорда халықаралық деңгейдегі іс-шараларды қабылдай алатын қауіпсіз әрі заманауи орталық ретінде өзін белсенді таныстырып, өңірлік туристік хаб ретіндегі позициясын күшейтуге ұмтылып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, дәл қазір Ресей аудиториясын тарту — Астана туризмі үшін стратегиялық тұрғыдан ұтымды қадам.

Читайте также

Вам может быть интересно