Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген продюсерлік еткен «Voice Beyond Horizon» жобасы интернет платформаларда 2,36 миллиард қаралым жинап, Mango TV цифрлық платформасында 700 миллионнан астам рет қаралған.
Жоба «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен әлемдегі ірі медиахолдингтердің бірі саналатын қытайлық Hunan TV телеарнасының серіктестігі аясында жүзеге асты. Қазақ тіліндегі атауы «Көкжиектен асқан үн» жобасы музыкалық шоу мен реалити-саяхат форматын біріктіріп, көрерменге тек өнерді ғана емес, Қазақстанның табиғатын да кеңінен таныстырды.

Тележобаға Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген 8 орындаушы қатысты. Түсірілім жұмыстары Астана, Алматы қалаларында және Түркістан, Маңғыстау, Алматы, Ақмола облыстарында өтті. Бағдарлама барысында қатысушылар көне Түркістанды, Бозжыра шатқалы мен Каспий теңізінің жағалауын, Қайыңды мен Көбейтұз көлдерін, Бурабай ұлттық табиғи паркін тамашалады.

Жобаның басты мақсаты – Қазақстанның туристік әлеуетін халықаралық аудиторияға жаңа қырынан таныту. Әсіресе Қытай аудиториясына бағытталған контент елге деген қызығушылықтың артуына зор ықпал етті. Сарапшылар соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы туризм саласындағы серіктестіктің нәтижесі айқын байқалып отырғанын айтады.

Қазақстанның ішкі туризмін дамытудағы маңызды бағыттардың бірі – Қытай. 2025 жылы Қытайдан Қазақстанға 241,7 мың турист келген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 38,9 пайызға жоғары. Ал 2024 жылы өсім 66,2 пайыз болған.

Мамандар мұндай жоғары көрсеткішті Қазақстан мен Қытайдың екі жылдық бірлескен дипломатиялық жұмыстарының нәтижесімен байланыстырады. Еске салсақ, 2024 жыл Қытайда Қазақстан жылы болып жарияланса, 2025 жыл Қазақстанда Қытай жылы болды.
«Voice Beyond Horizon» жобасының алғашқы маусымының жеңімпазы Қазақстан атынан қатысқан Нұржас Садырбай болды. Бағдарлама Қытайдағы Hunan TV телеарнасы мен Mango TV платформасында, сондай-ақ «Qazaqstan» телеарнасында көрсетілді. Сонымен қатар Ұлттық арна жоба барысын апта сайын арнайы күнделік форматында ұсынып отырды.

Тележобаның эфирге шыққан барлық шығарылымы телерейтингте бірінші орынға ие болған. Осылайша «Voice Beyond Horizon» музыка, мәдениет және саяхатты тоғыстырған халықаралық мегажоба ретінде көрермен көңілінен орын алып, Қазақстанның туристік имиджін шетелде ілгерілетуге де үлес қосып отыр.