Прагада тұратын журналист әрі travel-блогер Руслан Меделбек Kaztourism.media сайтына эксклюзив сұхбат берді. Әңгіме барысында ол Еуропадағы өмірдің ерекшеліктері, сапалы контент жасаудың қыр-сыры, саяхатқа қатысты лайфхактары және Қазақстан туризмінің әлеуеті туралы ойларымен бөлісті. Сұхбаттасқан Kaztourism.media сайтының бас редакторы Алмас Маратұлы.
Руслан, қазір сізді көпшілік travel-блогер ретінде таниды. Бірақ мен сізді журналист, ұстаз ретінде білемін. Travel-контентке қалай келдіңіз?
Пандемия кезінде бәріміз үйде отырып қалдық. Оған дейін өмірім үнемі қозғалыста болатын: жұмыс, сапарлар, түрлі жобалар. Сол кезде өзіме: «Қашанғы тек журналистиканы үйрене беремін? Енді жинаған тәжірибемді пайдаланып, жеке контентімді неге жасамасқа?» деген сұрақ қойдым.
Алдымен YouTube-тан бастадым. Instagram-да тек жазбалар жариялайтынмын. Кейін карусель форматы шыққанда саяхат туралы кеңестер бере бастадым.
Қазір қарасам, әлеуметтік желі соңғы төрт-бес жылда қатты өзгеріпті. 2022 жылы «Дубайға қалай баруға болады?», «Египетке қанша ақша керек?», «Шенген визасын қалай алу керек?» деген контенттер өте өтімді болды. Ол кезде мұндай ақпарат көпшілік үшін жаңалық еді. Қазір мұндай мәліметті кез келген жерден табуға болады.
Сол кезеңде Эйфель мұнарасы, Колизей, ағылшын тілін үйрену сияқты пайдалы тақырыптарды да қозғадым. Біртіндеп аудитория жинала бастады. Кейін өзімнің саяхаттарымнан контент жасап, картамен түсіндіретін видеолар шығара бастадым.
Әрине, оқырман жинағым келді. Бірақ бір күні адамдар мені travel-контент авторы ретінде кеңінен таниды деп мүлде ойлаған жоқпын.
Сіз бірнеше жылдан бері Прагада тұрасыз. Прага қандай қала?
Прагада тұрып жатқаныма жеті жылдан асты. Менің ойымша, бұл – өмір сүруге ең қолайлы қалалардың бірі.
Прага әлемдегі work-life balance, яғни жұмыс пен жеке өмірдің тепе-теңдігі жоғары қалалардың қатарында. Мұнда жұмыстан бөлек өзіңе, отбасыңа және жеке дамуыңа уақыт табуға болады. Бәлкім, блог жүргізуге де дәл осы мүмкіндік әсер еткен шығар.
Жұмысқа қоғамдық көлікпен 20 минутта жетемін. Кептеліс жоқ. Жұмыстан кейінгі уақыт түгелдей өзіңе тиесілі.
Чехтар демалыс күндерін ерекше құрметтейді. Сенбі-жексенбіде жұмысқа қатысты хаттарға жауап бермейді, телефон көтермеуі де қалыпты жағдай. Егер хабарлассаңыз, «дүйсенбі күні жауап беремін» деп жазады. Бұл – олардың қалыптасқан мәдениеті.
Прагада турист көп. Бірақ қала өзінің ерекшелігін жоғалтпай тұр. Алматы мен Астана Прагадан қандай сабақ алуы керек?
Ең алдымен қоғамдық көлік жүйесін айтар едім.
Прагада метро, трамвай мен автобустар нақты кестемен жүреді. Қазір қаланың үш метро желісі бар, төртіншісі салынып жатыр. Трамвай желісі өте жақсы дамыған және оған көлік қозғалысында басымдық беріледі.
Автобустар да ерекше жүйемен жұмыс істейді: аялдамадан ешкім түспесе немесе мінбесе, автобус тоқтамайды. Өйткені оның уақыттан кешікпеуі маңызды.
Түнгі қоғамдық көлік те жақсы ұйымдастырылған. Түнгі трамвайлар мен автобустар таңғы беске дейін қатынайды, ал күндіз трамвайлар бірнеше минут сайын жүреді.
Меніңше, дәл осындай жүйе біздің қалаларға да өте қажет. Бұл жергілікті тұрғындарға да, туристерге де ыңғайлы.
Тағы бір ерекшелігі – жылдық жол жүру картасы. Шамамен 80 мың теңгеге бір жыл бойы барлық қоғамдық көлікті пайдалана аламын.
Сонымен қатар Прагада жасыл аймақтар өте көп. Өзім тұратын ауданның өзінде екі үлкен парк бар.
Чехиядағы адамдар мен Қазақстандағы адамдардың өмірге көзқарасында қандай айырмашылық байқайсыз?
Маған ұнайтын ерекшелік – адамдар бір-бірінің өміріне араласпайды.
Олар көбіне футболды, теннисті немесе әлемдегі саяси оқиғаларды талқылайды. Бірақ басқа адамның жеке өміріне қызығушылық танытпайды. Әркім өз өмірімен өмір сүреді.
Осы мәдениет маған өте жақын.
Қазақстандықтар Еуропаны тым идеализациялайды деп ойлайсыз ба?
Меніңше, Еуропаның да өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар.
Мысалы, Қазақстанда цифрландыру әлдеқайда жақсы дамыған. Біздегі ХҚКО сияқты «бір терезе» қағидаты көптеген Еуропа елдерінде жоқ. Бір құжат үшін бірнеше мекемеге баруға тура келеді.
Бірақ мұның да себебі бар. Олар азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне өте жауапкершілікпен қарайды. Әр мемлекеттік орган өз саласына ғана жауап береді.
Еуропада адамдардың көңілінен шығатын негізгі нәрсе – инфрақұрылым. Төлеген салықтың нақты нәтижесін көреді: жол жөнделеді, көпір салынады, саябақтар абаттандырылады, қоғамдық көлік дамиды.
Сайланған саясаткерлер келесі сайлауда халықтың сенімінен айырылып қалмау үшін нақты нәтиже көрсетуге тырысады.
Меніңше, бізге де осы мәдениет жетіспейді. Қалада сапалы инфрақұрылым көп болса, адамдардың өмір сапасы да өзгереді. Саябақтар көбейеді, адамдар серуендейді, спортпен айналысады. Мұның бәрі қала мәдениетін қалыптастырады.
Қазір неше тілде сөйлейсіз? Бірнеше тіл білу сіздің дүниетанымыңызды қалай өзгертті?
Мен үшін ең маңызды тіл – ағылшын тілі. Ол көптеген мәселені шешеді.
Чехияда тұрғандықтан чех тілін күнделікті өмірде қолданамын. Бірақ оқитын әдебиетімнің, көретін контентімнің және саяхаттағы негізгі тілім – ағылшын.
Менің ойымша, бірнеше тілді үстірт меңгергеннен қарағанда, бір тілді өте жоғары деңгейде білу әлдеқайда пайдалы.
Қазақ тілі – ана тілім. Ал ағылшын, орыс және чех тілдерін меңгергенмін.
Жалпы, тіл үйрену маған қиын болған жоқ. Егер адамның нақты мақсаты болса, тіл үйрену әлдеқайда жеңіл өтеді.
Мен ағылшын тілін үйренгенде шетелде еркін саяхаттап, халықаралық ортада жұмыс істегім келді. Сол мақсат мені алға жетеледі.
Сіз спорт журналисі ретінде де танымалсыз. Еуропада қай стадиондарда болдыңыз? Ең есте қалған матч қайсы?
Мен өзімді ең алдымен журналист санаймын. Қазір Азаттық радиосында саясат, геосаясат, қоғам және спорт тақырыптарында жұмыс істеймін.
Журналистік жолымды спорттан бастадым. Олимпиада ойындарын, Еуропа чемпионатын, түрлі халықаралық жарыстарды тікелей барып көрдім.
2024 жылы Лондонда өткен Чемпиондар лигасының финалын – «Реал Мадрид» пен «Боруссия Дортмунд» арасындағы ойынды стадионнан тамашаладым.
Ал журналист ретінде жұмыс істеген ең әсерлі турнир – футболдан Еуропа чемпионаты болды. Әсіресе Франция – Португалия және Португалия – Түркия матчтары ерекше есте қалды.
Сол турнирде Криштиану Роналду, Килиан Мбаппе және Арда Гүлердің ойынын өз көзіммен көрдім.
Бірақ ең үлкен әсерді матчтың өзі емес, атмосферасы сыйлады. Меніңше, Еуропадағы футбол мәдениетінің деңгейі ерекше. Сондықтан Еуропа чемпионатын кейде әлем чемпионатымен тең дәрежеде қабылдайды.
Қай елде адамдар өмірден ләззат алуды жақсы біледі деп ойлайсыз?
Түркияға барған сайын адамдардың жылылығын сезінемін. Түріктердің болмысынан, киім киісінен, қарым-қатынасынан ерекше жылылық байқалады.
Бразилияда адамдардың өмірге жеңіл қарайтыны ұнайды. Көпшілігі кешкісін үйінің алдында немесе жағажайда уақыт өткізеді. Жалпы, өмірден ләззат алуға тырысады.
Еуропада да осыны байқаймын. Зейнетке шыққан адамдар саяхаттап, табиғат аясында демалып жүреді. Көшеде үнемі асығып бара жатқан адамдарды сирек көресің.
Ал маған ең қарбалас қала – Нью-Йорк болды. Таймс-сквер, метро, көшелер – бәрі өте жылдам қозғалады. Төрт-бес күн болғанымда тыныш жер іздедім. Орталық саябақтың өзінде өмір тоқтаусыз ағып жатқандай әсер қалдырды.

Керісінше, Түркияның, Аргентинаның ауылдары немесе Италияның шағын қалалары ерекше әсер етті. Ондағы адамдардың өмірге асықпайтын, сабырлы көзқарасы ұнайды.
Чехтардың өмір сүру мәдениеті де маған жақын. Олар ешқайда асықпайды. Кезекте де сабырмен тұрады. Пандемия кезінде адамдар екі метр арақашықтық сақтап, ұзын-сонар кезекте тыныш күтіп тұратын. Сол кезде асықпаған адамның кезегі әлдеқайда жылдам өтетіндей көрінді.
Сіз 50-ден астам елде болдыңыз. Бірақ travel-блогты кейінірек бастадыңыз. Контент жасауды қай кезеңнен бастадыңыз?
Travel-контентті белсенді түрде 2022 жылы, Токио Олимпиадасы кезінде бастадым.
Бірақ оған дейін-ақ 30–40 елді аралап үлгерген едім. Сол сапарлардан көптеген фото, жазба және жеке естеліктер сақталған болатын.
Кейін сол материалдардың барлығын қайта қарап, контентке айналдыра бастадым. Сөйтіп бұрынғы тәжірибем жаңа аудитория үшін пайдалы дүниеге айналды.

Сіздің видеоларыңызда қарапайым travel-контенттен бөлек интеллект байқалады. Бұл саналы стратегия ма?
Иә, бұл – саналы түрде таңдаған бағытым.
Менің өз контент стратегиям бар. Хайптың соңынан қумаймын. Керісінше, адамдарды ойландыратын, жаңа нәрсе үйрететін контент жасағым келеді.
Көрермен саяхаттауға шабыт алса, әлемнің кең екенін түсінсе, жақсы дүниелерді көрсе деймін. Өйткені әлем тек Қазақстанмен шектелмейді. Біз адамзатқа ортақ үлкен кеңістіктің бір бөлігіміз.
Мен үшін контенттің басты мақсаты – жылылықты, білімді және жақсы құндылықтарды насихаттау.
Әрине, кейде Threads желісінде белгілі бір мәселе бойынша сын айтатын кездер болады. Сонда кейбір оқырмандар «сізден мұндай пікір күтпеп едік» деп жатады.
Бірақ ешкімді мінсіз адам деп қабылдауға болмайды. Мен де жақсысын да, кемшілігін де көре аламын.
Аудитория көбейген сайын әр сөзіңді жауапкершілікпен айтуға үйренесің.
Мен ешқашан адамның жеке басына, ұлтына, нәсіліне, дініне немесе болмысына тиісетін контент жасамаймын. Парақшамда мұндай пікірлерге де жол бермеуге тырысамын.
Негізінен әлем, саяхат, спорт, музыка, психология, ғылым және білім тақырыптарын қамтуды жөн көремін.
Алғаш көп қаралым мен жаңа аудитория алып келген қай контент болды?
Ең алғаш үлкен аудитория жинаған контентім – «Швейцарияға баруға қанша ақша керек?» деген жазба болды.
Кейін Қазақстанда су тасқыны болған кезде «Нидерланд тасқыннан қалай қорғанады?» деген Reels жарияладым. Ол видео өте көп қаралым жинады. Көптеген медиа бөлісті, өз платформаларында жариялады.
Одан кейін «Жапония Токионы су тасқынынан қалай қорғайды?» деген видео шығардым. Бұл тақырып та үлкен қызығушылық тудырды.
Бір қызығы, кейін оқырмандарым Қазақстанда Нидерланд мамандарымен тәжірибе алмасу жұмыстары басталғаны туралы жаңалықтарды жіберіп жатты. Оның менің контентіме қатысы бар-жоғын білмеймін, бірақ мұндай сәйкестік қызық болды.
Жалпы, басқа елдердің тәжірибесін түсіндіретін видеолар әрқашан жақсы қаралады. Мысалы, Финляндиядағы білім жүйесі немесе әртүрлі мемлекеттердің қоғамдық құрылымы туралы контенттер тұрақты түрде жоғары қаралым жинайды.
Бір видеоны дайындау процесі қалай жүреді?
Әр контенттің дайындалу уақыты әртүрлі.
Мысалы, «Нидерланд тасқыннан қалай қорғанады?» деген видеоны жасау үшін көптеген ағылшын тіліндегі материалдарды, жарты сағаттық деректі фильмдерді қарадым. Кейін сол ақпараттың ең маңызды бөлігін бір жарым минутқа сыйдыру керек болды.
Контент жасауда ең маңыздысы – ақпаратты дұрыс іріктеу және оны қызықты storytelling арқылы жеткізу.
Ал карта сызып түсіндіретін қарапайым видеоларды екі сағаттың ішінде дайындауға болады.
Кейбір тақырыптарға әлдеқайда көп уақыт кетеді. Мысалы, Финляндияның білім жүйесі туралы видео түсірер алдында арнайы кітап оқыдым.
Аптасына үш-төрт Reels шығаруға тырысамын. Оның біреуі үлкен зерттеуді қажет етсе, қалғандары салыстырмалы түрде жеңілдеу форматта болады.
Контент жасауда сіз үшін ең қиын не нәрсе?
Ең қиыны – тақырып табу.
Тақырып табу үшін көп оқу керек, көп іздену керек. Ал мәтін жазу немесе монтаж жасау мен үшін соншалықты қиын емес.
Қазір монтажды да, карта мен графика жасауды да үйреніп жүрмін. Бұл процестің өзі маған ұнайды.
Маған адамдарға күрделі оқиғаларды қарапайым тілмен түсіндіру ұнайды. Қазір мұны explainer форматы деп атайды.
Мысалы, Иран мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты түсіндіру үшін ондаған жылға созылған тарихи оқиғаларды бір жарым минутқа сыйдыру керек болады.
Әдетте алдымен толық сценарий жазамын. Кейін оны бірнеше рет қайта оқып, қысқарта беремін. Соңында мәтін қысқарғанымен, негізгі ой толық сақталуы керек. Мен үшін ең маңыздысы – осы.
Әлеуметтік желі адамдардың саяхатқа деген қызығушылығын арттырды ма?
Меніңше, әлеуметтік желі – адамдарды саяхаттауға ынталандыратын ең үлкен құрал.
Кейде «адамдар саяхатын мақтану үшін жариялайды» деген пікір айтылады. Мен бұған келіспеймін.
Саяхат – бөлісуге тұрарлық тәжірибе. Егер адам әлемді көріп, жаңа мәдениеттермен танысып жүрсе, сол әсерін көрсетуге толық құқылы.
Меніңше, «мақтанып жатыр» деген түсінік бізде көбірек кездеседі. Ал Еуропада адамдар бұған қалыпты қарайды.
Әлеуметтік желіде бір адамның саяхатын көрген екінші адам да шабыт алады, жаңа бағыттарды зерттей бастайды.
Сондықтан әлеуметтік желі соңғы жылдары адамдардың саяхатқа деген қызығушылығын түбегейлі өзгертіп, жаңа мәдениет қалыптастырды.
Саяхат кезінде ең көп назар аударатын нәрсе не? Адамдар ма, архитектура ма, әлде тарих па?
Бұрын өзім үшін барған елдердің санын көбейтуді мақсат ететінмін. Тіпті 100 елге баруды жоспарлаған кездер болды. Бірақ уақыт өте келе көзқарасым өзгерді.
Қазір мен үшін барған елдің саны емес, сол жерден алған әсерім мен эмоциям маңызды.
Мысалы, Швейцарияға үш рет бардым. Бұл ел маған ерекше ұнайды. Сол сияқты Париж бен Стамбұлға қайта-қайта барғым келеді. Себебі олардың атмосферасы менің дүниетанымыма жақын.

Римге барғаннан кейін дүниежүзі тарихына деген қызығушылығым артты.
Саяхат кезінде табиғатқа шығуды жақсы көремін. Теңіз, мұхит, таулар, толқын, жасыл алқаптар маған ерекше энергия береді.
Ал Түркияға барғанда қалаларын емес, ауылдарын аралағанды ұнатамын. Қарапайым адамдармен сөйлесіп, олардың өмір салтын көру ерекше әсер береді.
Аргентинада сегіз күннің тек екі күнін Буэнос-Айресте өткізіп, қалған уақытты ауылдарды аралауға арнадым. Сол жердегі адамдардың асықпайтын өмірі қатты ұнады.
Шотландиядағы Эдинбург қаласы да ерекше әсер қалдырды.
Қай елде өзіңізді ең қауіпсіз сезіндіңіз?
Өзімді ең қауіпсіз сезінетін қалалардың көбі Шығыс Еуропада орналасқан.
Прага, Вена, Варшава және Братиславада өте жайлы сезінемін. Париж, Рим, Барселона немесе Миланмен салыстырғанда бұл қалалар әлдеқайда қауіпсіз көрінеді.
Сондай-ақ Катарда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Швейцарияда және Скандинавия елдерінде де қауіпсіздік деңгейі өте жоғары.
Азияда Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Малайзия және Сингапурда ешқандай алаңсыз жүрдім.
Бұл елдерде адамдардың жүзінен де тыныштық байқалады. «Біреу алдап кетеді немесе ұрлап кетеді» деген ой болмайды.
Ал Нью-Йорк, Майами, Париж немесе Милан сияқты ірі мегаполистерде сақ жүрген дұрыс. Мұндай қалаларда кез келген турист айналасына мұқият қарауы керек.
Посткеңестік елдердің ішінде Әзірбайжан маған қауіпсіз ел ретінде есте қалды.
Сіз барған елдердің ішінде қоғамдық көлік ең жақсы дамыған қала қайсы?
Бұл сұраққа да Шығыс Еуропа деп жауап берер едім. Себебі, Прага, Вена, Варшава және Братислава секілді қалаларда қоғамдық көлік жүйесін пайдаланушылар үшін ыңғайлы шешімдер жасалған.
Мен сапарға шыққанда қонақүй таңдағанда міндетті түрде метро немесе трамвайдың жақын орналасуына мән беремін. Өйткені қоғамдық көлік уақытылы жүрсе, қала ішінде қозғалу әлдеқайда жеңіл болады.
АҚШ-та, әсіресе Нью-Йорк пен Вашингтонда метро жақсы дамығанымен, адамдар жеке көлікті көбірек пайдаланады.
Ал Швейцария, Скандинавия елдері және Шығыс Еуропада қоғамдық көлік жүйесі әлдеқайда жүйелі.
Менің ойымша, жақсы қоғамдық көлік – адамдардың өмір сапасына тікелей әсер ететін фактор. Ол уақытты үнемдейді, кептелісті азайтады және стрессті төмендетеді.
Қазақстан шетелдік турист үшін түсінікті әрі тартымды ел ме?
Соңғы жылдары Қазақстанға деген қызығушылық айтарлықтай артты.
Қазір көптеген еуропалықтар Қазақстанға келуді жоспарлайды немесе бұл ел туралы ақпарат іздейді.
Бұған бірнеше себеп бар. Ең алдымен – визасыз режим. Саяхат бағытын таңдағанда визаның болуы немесе болмауы турист үшін өте маңызды факторлардың бірі.
Екіншіден, Қазақстан қауіпсіз ел ретінде қабылданады.
Үшіншіден, табиғаты әртүрлі әрі көретін орындары көп. Ал Еуропадағы табыспен салыстырғанда Қазақстанға саяхат жасау салыстырмалы түрде қолжетімді.
Тағы бір маңызды нәрсе – қазақстандық контент авторларының еңбегі. Әлеуметтік желідегі сапалы контент Қазақстанды шетелдік аудиторияға танытуға үлкен үлес қосып жатыр.
Бір жылда қанша рет ұшасыз? Саяхат кезінде қолданатын лайфхактарыңыз бар ма?
Өзім үшін жыл сайын кем дегенде бір жаңа елге барып, жаңа мәдениетпен танысуды мақсат етемін. Сонымен қатар Қазақстанға жылына кемінде екі рет келуге тырысамын.
Сапар кезінде ұстанатын бірнеше қағидам бар.
Мүмкіндігінше билетті жұмыс күндеріне аламын. Себебі жұма, сенбі және жексенбі күндері бағасы қымбат болады.
Әуе билеттерін іздегенде браузердің инкогнито режимін пайдаланамын. Кей жағдайда бұл бағаның өзгеруіне жол бермейді.
Көп жүк алмағанды жөн көремін. Бір апталық сапарға көбіне сегіз келілік қол жүгі мен бір рюкзак жеткілікті болады.
Ұшақта дәліз жақтағы орынды таңдаймын. Бұл маған ыңғайлырақ. Ешкімге кедергі жасамайсың.
Ұшу алдында көп су ішіп, ауыр тағам мен кофеден бас тартуға тырысамын. Биіктікте ағзаның жұмысы баяулайтындықтан, жеңіл тамақтанған дұрыс.
Әуежайға әрқашан алдын ала келемін және онлайн тіркеуден өтемін.
Ал күндізгі рейстерде лекциялар мен подкасттарды алдын ала жүктеп алып, жолда тыңдаймын.
Сіз барған елдердің ішінде ең дәмді асхана қайсы?
Мен үшін ең дәмді асхана – Түркияныкі.
Түркияда тамақ таңдауда қателесу қиын. Қай өңіріне барсаңыз да, жергілікті тағамдарының дәмі ерекше.
Одан кейін Әзірбайжан асханасын атар едім. Ал, әрине, өзіміздің қазақтың ұлттық тағамдары да көңіліме жақын.
Жалпы, қай елге барсам да, сол жердің жергілікті асханасын міндетті түрде татып көруге тырысамын. Өйткені тағам арқылы да халықтың мәдениетін тануға болады.
Өзіңізді алдағы он жылда қай салада елестетесіз? Журналистикада, блогингте, деректі фильмде, әлде жеке медиада ма?
Осыдан бес жыл бұрын біреу маған «болашақта блогер боласың» десе, сенбес едім.
Сондықтан алдағы он жылда нақты қай салада болатынымды қазір айта алмаймын.
Бірақ бір нәрсеге сенімдімін: адам үздіксіз дамып, жаңа дүниелерді үйреніп отырса, алдында жаңа мүмкіндіктер ашылады.
Бес жыл бұрын монтаж жасай алмайтынмын, карта сыза алмайтынмын. Қазір осының бәрін үйрендім.
Меніңше, адам дамуын тоқтатпауы керек. Сонда өмірдің өзі жаңа жолдарды көрсетеді.
Қандай қазақтілді контент авторларын тұрақты түрде көресіз?
Қазақтілді авторлардың ішінде Ернар Алмабектің жұмыстарын арнайы іздеп көремін. Оның мәтін жазу стилі, монтажы және оқиғаны жеткізу тәсілі ұнайды. Контентін көргенде демаламын.
Подкасттардан «Dope soz» тұрақты көремін.
Сондай-ақ Айнельдің «Оy-detox» жобасын қызығып тыңдаймын.
Ал сұхбат форматында Тимур Балымбетовтің сұхбаттарын жиі көремін.
Оқырмандарыңызға қандай тілек айтасыз?
Мен білім алып, кәсіп меңгеруге ұмтылатын адамдарды ерекше құрметтеймін.
Сондықтан барша оқырманға ең алдымен үздіксіз ізденіп, дамуды тілеймін.
Тағы бір маңызды нәрсе – денсаулық. Мен денсаулықты адамға берілген аманат деп қабылдаймын. Сондықтан әр адам өз денсаулығына да, біліміне де жауапкершілікпен қарауы керек.
Жүрегі тыныш, ойы сергек адам ғана өзін дамытып, жаңа білімге ұмтылады. Сол себепті әрдайым ізденістен тоқтамауға шақырамын.