«Пәтерден қарағанда автодом арзан болды»: АҚШ-тағы қазақ қызының көшпенді өмірі

Иан, Мадина және олардың автоүйшігі
Иан, Мадина және олардың автоүйшігі

Батыс Қазақстан облысының тумасы Мадина Харрингтон бірнеше жыл бұрын студент ретінде АҚШ-қа аттанған. Бүгінде ол күйеуі Ианмен бірге автодомда өмір сүреді. Ерлі-зайыптылар автодоммен осы уақытқа дейін АҚШ-тың 42 штатын және 63 ұлттық парктің 22-не барған, деп хабарлайды Kaztourism.media.

Мадина Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданына қарасты Аңқаты ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Қазақстанда өткен. Кейін Сүлеймен Демирел атындағы университетте білім алған.

Мадинаның Қазақстандағы студенттік кезеңінен естелік сурет
Мадинаның Қазақстандағы студенттік кезеңінен естелік сурет

Оның айтуынша, саяхатқа деген қызығушылық бала кезден болған.

«Кішкентай кезімнен әлемдегі барлық елдерді көргім келді. Әсіресе Еуропада 6 ай оқып, 8 елді аралап келгеннен кейін саяхатқа деген құштарлығым одан сайын ашылды. Содан кейін “келесі кезекте Американы көремін” деген мақсат қойдым», — дейді ол.

Мадинаның Еуропадағы студенттік шағынан естелік сурет
Мадинаның Еуропадағы студенттік шағынан естелік сурет

Мадина АҚШ-қа алғаш рет 2022 жылы Work & Travel бағдарламасымен барған. Америкадағы алғашқы көрген қаласы Нью-Йорк болғанымен, ол қала қыздың көңілінен аса шықпаған.

«Шыны керек, Нью-Йорк көңілімнен шықпады: үлкен қала, у-шу, лас. Бірақ сол кезде Американың қалаларымен емес, табиғатымен ерекше екенін түсіндім», — дейді Мадина.

АҚШ-та Work & Travel жобасымен жұмыс істеп жүрген кезден естелік сурет
АҚШ-та Work & Travel жобасымен жұмыс істеп жүрген кезден естелік сурет

Болашақ жары Ианмен онлайн танысқан. Екеуін табыстырған ортақ қызығушылық — саяхатқа деген махаббат.

«Жолдасым да кішкентай кезінен әлемді сүйікті адамымен бірге аралауды армандаған. Мен де дәл солай армандадым. Сондықтан біз кәдімгідей бір-біріміз үшін жаралып, бірге саяхаттайтын серігімізді тапқандай болдық», — дейді ол.

Ерлі-зайыптылардың сатып алған ең алғашқы автоүйшіктері
Ерлі-зайыптылардың сатып алған ең алғашқы автоүйшіктері

Үйленгеннен кейін ерлі-зайыптылар Массачусетс штатында пәтер жалдап тұрған. Алайда уақыт өте келе пәтерақы қымбаттап, олар басқа шешім іздей бастаған.

«Пәтер жалдап тұрғанша, автодом сатып алып, сонда өмір сүрген әлдеқайда арзанырақ екенін түсіндік. Ең басты шығын — бензин. Оның үстіне автодомның дөңгелектері болғандықтан, бір жерде тұру міндетті емес. Қайда апарғың келсе де, өзің білесің», — дейді Мадина.

Оның айтуынша, дәл сол кезде олар «дәстүрлі өмірдің» өздеріне арналмағанын түсінген.

«Біз уақыттың бір жерде тоқтамай, зымырап өте беретінін ойлап, кейінге қалдыра бермей, жас әрі күш-қуатымыз бар кезде осы көшпенді өмірді бастау керек екенін ұқтық», — дейді ол.

Қазір жұп екі жылдан астам уақыттан бері автодомда тұрып келеді. Олар онлайн жұмыс істейді және шығынды барынша азайтуға тырысады.

«Тек тамақ пен бензинге ғана ақша жұмсап, басқа ештеңе сатып алмауға тырысамыз. Секонд-хендтен киінеміз, қымбат заттарды мүлдем алмаймыз», — дейді Мадина.

Мадина мен Ианның қазіргі автоүйшіктері
Мадина мен Ианның қазіргі автоүйшіктері

Қалаларда жүру қымбат болғандықтан, көбіне табиғат аясында уақыт өткізеді.

«Табиғатта болу тегін. Сол үшін хайкингпен айналысып, ұлттық парктерде жүргенді жақсы көреміз», — дейді ол.

Жұптың жұмысы қашықтан болғандықтан, интернет болса жеткілікті. Сол себепті олар Starlink спутниктік интернет жүйесін орнатқан.

Мадина автодомдағы өмір әлеуметтік желідегі әдемі видеолардай оңай емес екенін айтады.

«Автодомда өмір сүру бәрі ойлағандай әдемі бола бермейді. Тіпті қарапайым тіс тазалау, беті-қолды жуу, тамақ ішу, әжетханаға бару сияқты күнделікті нәрселердің өзі оңай емес», — дейді ол.

Оның айтуынша, ең қиын нәрсенің бірі — ресурстардың тез таусылуы.

«Кәдімгі үйде кранды ашсаң — су ағады. Ал автодомда әр литр су мен әр пайыз қуатты есептеп отыру керек. Қауіпсіз ұйықтайтын жер мен жуынатын орын іздеу — күнделікті проблема», — дейді Мадина.

Сонымен қатар олардың автодомы кейде бұзылып та қалады.

«Автодомымыз — әрі үйіміз, әрі көлігіміз. Сондықтан ол бұзылып қалса, өзімізді үйсіз қалғандай сезінеміз», — дейді ол.

Ең қорқынышты сәттердің бірі — автодомның өртене жаздауы болған.

«Дұрыс механикке жолықпай, алданып қалдық. Мыңдаған долларымызды алып, екі ай бойы үйсіз қалдырды. Кейін жолға шыққанда көліктен түтін шығып, капотты ашсақ, лапылдап жанып жатыр екен. Әйтеуір өртсөндіргішпен сөндіріп үлгердік», — деп еске алады Мадина.

Соған қарамастан, ол бұл өмір салтын таңдағанына ешқашан өкінбегенін айтады.

«Қатты шаршап, берілуге жақын болатын сәттер болады. Бірақ бәріне шыдап, тек алға жүре беру керек», — дейді ол.

Мадина мен Ианның саяхаттан естелік суреті
Мадина мен Ианның саяхаттан естелік суреті

Мадинаның айтуынша туыстары олардың шешімін қолдаған.

«Жолдасымның ата-анасы басында уайымдап, Массачусетстен жібергісі келмеді. Бірақ кейін арманымыздың соңынан еруіміз керек екенін түсінді», — дейді ол.

Бүгінде ерлі-зайыптылар АҚШ-тың 42 штатын аралап үлгерген. Ең ұнаған штаттары — Мэн, Калифорния және Аризона.

Мэн штаты оларға жабайы табиғатымен және оңашалығымен ұнаған.

«Мыңдаған шақырымға созылған орман мен мұхит жартастарынан басқа ештеңе жоқ. Ескі маяктар мен шағын балықшы ауылдары ерекше романтикалық әсер береді», — дейді Мадина.

Калифорния әртүрлі табиғатымен, алып ағаштарымен және әйгілі Big Sur тасжолымен әсер қалдырған.

«Big Sur жолымен автодом айдау — нағыз автодом эстетикасы», — дейді ол.

Ал Аризона оларға ковбойлық атмосферасымен ұнаған.

«Кинодағыдай алып Сагуаро кактустарының арасымен жүріп, қызыл жартастар арасында күннің батқанын көру — көптен күткен арманымыз еді», — дейді Мадина.

Ең қатты әсер еткен ұлттық парк — Сагуаро.

«Адам бойынан бірнеше есе биік алып кактустардың арасымен жүру — ерекше сезім. Кешкі күлгін күннің батуының сұлулығынан денеміз тітіркеніп кетті», — дейді ол.

Дегенмен барлық штат бірдей ұнай бермеген.

«Миссури, Айова, Канзас штаттары өте іш пыстырарлық болды. Мыңдаған шақырым бойы тек өндірістік егістіктер мен фермалар ғана», — дейді Мадина.

Кішкентай кеңістікте бірге өмір сүру де кейде қиындық тудырады.

«Мен ыдыс жуып жатсам, жолдасыма “әрі қозғал, бері қозғал” деп жатамын. Кейде заттарымды шашып тастаймын, сонда ол ренжиді», — дейді ол күліп.

Соған қарамастан, ерлі-зайыптылар бір жерде тұрақтағысы келмейтінін айтады.

«Әзірге күнде жаңа жерге көшкіміз келеді. Бірақ кейде "болашақта осы жерден үй алсақ қой" дейтін мекендер кездеседі», — дейді Мадина.

Саяхат барысында Мадина өмірге деген көзқарасының өзгергенін айтады.

«Бақытты болу үшін көп нәрсе керек емес екен. Үлкен үй, қымбат көлік, бренд заттар қажет емес. Ең бастысы — денсаулық, тамақ және ұйықтайтын жер», — дейді ол.

Ол қазіргі өмір салты мен қазақтың көшпенді мәдениетінің арасында байланыс бар деп есептейді.

«Ата-бабамыз көшпенді болған соң, кез келген қазақтың бойында сол сезім бар деп ойлаймын», — дейді Мадина.

Мадина Харрингтон
Мадина Харрингтон

Мадинаның айтуынша, америкалықтардың көбі Қазақстан туралы аз біледі.

«Көбі Қазақстанды "Борат" фильмі арқылы таниды. Менің миссиям — америкалықтарға нағыз Қазақстанды көрсету», — дейді ол.

Ол жаңа таныстарға Қазақстанның табиғатын фото-видеолар арқылы жиі көрсететінін айтады.

«Тіпті кейбірі болашақта бізбен бірге Қазақстанға барғылары келетінін айтады», — дейді Мадина.

Шетелде жүрген сайын туған жерге деген сағыныш та күшейген.

«Шетелге көшкелі нағыз патриотқа айналдым. Қазақстанда жүргенде байқамайтын дүниелердің қадірін алыста жүріп түсінеді екенсің», — дейді ол.

Қазақстанды сағынғанда Мадина қазақтың күйлерін тыңдайды.

«Барлық америкалық достарым біледі, машинада қазақтың күйін қосып қоямын. Оларға біздің күйлеріміз қатты ұнайды», — дейді ол.

Айта кетейік, Иан Қазақстанға екі рет келіп үлгерген.

«Ол қазақтың қонақжайлылығына, дастарқанның молдығына қатты таңғалды. Алматыдағы таулар ерекше әсер қалдырды», — дейді Мадина.

Иан мен Мадина Қазақстанда
Иан мен Мадина Қазақстанда

Болашақта ерлі-зайыптылар Қазақстанды автодоммен аралауды армандайды.

Ал АҚШ-тағы туристік мәдениетке келсек, Мадинаның айтуынша, ұлттық парктерде қоқыс мүлде кездеспейді.

«Ұлттық парктерде заң қатал. Қоқыс тастайтын адамдарды қоғам жек көреді», — дейді ол.

Мадина Харрингтонның инстаграм парақшасы: qazaq.american.couple

Читайте также

Вам может быть интересно