Ең көне алма тұқымы қайда өседі?

Ең көне алма тұқымы қайда өседі?

Жетісу облысы, Сарқан ауданы, Тополевка ауылының маңында «Жоңғар-Алатау» ұлттық паркінің аумағында әлемге әйгілі жабайы жеміс ағашы - Сиверс алмасы өседі. Бұл алма түрі ғылымда мәдени алманың атасы ретінде танылады. Оның латынша атауы - Malus sieversii.

Сиверс алмасы биіктігі 5–12 метрге дейін жететін ағашта өседі. Көктемде ақ немесе қызғылт гүлдер ашады, ал күзде түрлі түсті жеміс береді. Жемістерінің дәмі қышқылтым, тәтті немесе хош иісті болып келеді. Табиғи жағдайда әр ағаштың жемісі бір-біріне ұқсамайды.

Бұл өсімдік экологиялық және ғылыми тұрғыдан өте маңызды. Ғалымдар Сиверс алмасын жаңа алма сорттарын шығаруда пайдаланады, себебі ол табиғи түрде ауруларға, суыққа және құрғақшылыққа төзімді. Ғалымдардың айтуынша, әлемдегі Сиверс алмасының шамамен 48 пайызы осы жерде шоғырланған.

Қазіргі кезде Сиверс алмасы сирек кездесетін өсімдіктер қатарына жатады. Сол себепті Ұлттық парк аумағында алма ормандарын сақтау, көбейту және зерттеу мақсатында арнайы экологиялық бағдарламалар ұйымдастырылады.

Сиверс алмасы, Қазақстан табиғатының ерекше байлығы әрі бүкіл әлем үшін маңызды генетикалық мұра.

Егер жаңа локациялар іздесеңіз,Жетісу облысы сізге ұнайтынына кепіл беремін.

Қалай жетуге болады?

Алматы қаласынан Жоңғар-Алатау ұлттық табиғи паркі аумағындағы Тополевка ауылына дейін шамамен 500–550 км.

Көлікпен жол уақыты орта есеппен 7–9 сағат болады. Жол бағыты көбіне Алматы → Талдықорған → Сарқан → Тополевка арқылы өтеді.

Бұл сапардан кейін мен Жетісудың табиғатына мүлде басқа көзқараспен қарай бастадым. Алматыға жақын орналасқаны да үлкен артықшылық екен. Қала шуынан аз уақытқа болса да алыстап, табиғатпен тыныстауға таптырмас орын.

Жетісуға барғысы келетіндерге 5 кеңес:

1. Ыңғайлы киім мен аяқ киім алыңыз

Локациялар табиғат аясында болғандықтан, көп жүруге тура келеді. Әсіресе таулы аймақтарда спорттық аяқ киім өте қажет.

2. Таңертең ерте барған дұрыс

Таңғы уақытта табиғат ерекше әдемі көрінеді, әрі адамдар аз болады. Фото мен видео түсіруге таптырмас уақыт.

3. Атпен серуендеуді міндетті түрде байқап көріңіз

Бұл жердің атмосферасын толық сезінудің ең керемет тәсілдерінің бірі.

 4. Камера немесе телефон жадыңызды босатып барыңыз

Әр бұрышы контентке сұранып тұр. Табиғат, гүлдеген алма ағаштары, тау көрінісі - бәрі өте әдемі.

5. Табиғатты таза ұстаңыз

Сиверс алмасы - әлемдік табиғи мұра. Сондықтан қоқыс қалдырмай, табиғатқа ұқыпты қарау өте маңызды.


Автор: Менилбаева Жансая (@zhansaya_me)

Фотограф:  @farkhat_kabdykairov

Читайте также

Вам может быть интересно