Әлемде жаңа астана салған мемлекеттер көп емес. Ал аз уақыттың ішінде жаңа астананы миллионнан астам тұрғыны бар заманауи мегаполиске айналдырған елдер тіпті санаулы. Қазақстан үшін Астана жай ғана әкімшілік орталық емес. Ол – тәуелсіздіктің ең ірі жобасы, мемлекеттің амбициясы мен мүмкіндігін көрсететін символ.
Бір кездері Сарыарқаның төсіндегі шағын қала болған Ақмола бүгінде әлем елдерінің лидерлерін қабылдайтын, миллиардтаған инвестиция тартатын, халық саны ең жылдам өсіп жатқан және мәдени өмірі қарқынды дамып келе жатқан мегаполиске айналды.

Соңғы екі жылдағы көрсеткіштерге қарасақ, Астананың дамуы кездейсоқ үдеріс емес. Бұл – мемлекет басшысының тұрақты бақылауы мен нақты тапсырмаларының нәтижесінде жүзеге асып жатқан жүйелі саясаттың көрінісі.
ХАЛЫҚ САНЫНЫҢ ӨСУІ – ҚАЛА ТАРТЫМДЫЛЫҒЫНЫҢ БАСТЫ КӨРСЕТКІШІ
2025 жылы Астана халқының саны 101,9 мың адамға көбейіп, өсім 6,6 пайызды құрады. Бұл – Қазақстандағы барлық қалалар арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Егер 2025 жылдың басында елордада 1 миллион 528 мың адам тұрса, жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 1 миллион 630 мыңнан асты.

Бұл сандардың артында маңызды үрдіс жатыр. Адамдар жақсы жұмыс, сапалы білім, дамыған инфрақұрылым, қауіпсіз және өмір сүруге қолайлы орта іздеп Астанаға көшуді жалғастырып жатыр.
Сондықтан бүгінде елорданың алдында жаңа міндет тұр: өсіп жатқан халықтың сұранысына сай қала құру.
ИНВЕСТИЦИЯСЫЗ ЖҰМЫС ӨҢБЕЙДІ
Астананың экономикалық көрсеткіштері де тұрақты өсімді көрсетуде.
Мысалы 2026 жылдың алғашқы төрт айында ғана қала экономикасына 588 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Ең маңыздысы – бұл қаражаттың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне, білім беру, денсаулық сақтау, көлік және логистика салаларына бағытталуда.
Яғни Астана тек құрылыс алаңы емес, жаңа экономикалық орталыққа айналып келеді.

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫ
Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың дамуына қатысты бірнеше рет нақты тапсырмалар берді.
2024 жылғы қазанда президент көлік инфрақұрылымын күшейту, әлеуметтік нысандар салу, жылыту жүйесін жаңғырту және қаланы көркейту жұмыстарын жалғастыруды тапсырған болатын.
2025 жылғы қыркүйекте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту, жаңбыр суына арналған кәріз жүйесін реттеу, жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударды.

2025 жылғы қазанда Greenline бульварын аралау барысында экологиялық таза әрі тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жөнінде міндет жүктеді.
2026 жылы Президентке берілген есептер көрсеткендей, бұл тапсырмалардың едәуір бөлігі нақты жобаларға айналып, орындалып үлгерген.
Қалада жаңа мектептер ашылып жатыр, қоғамдық кеңістіктер көбейіп, инженерлік инфрақұрылым жаңартылуда, ал ұзақ жылдар бойы қоғам назарында болған LRT жобасы толық іске қосылды.
LRT-НЫҢ ІСКЕ ҚОСЫЛУЫ - 2026 ЖЫЛДЫҢ ЕҢ ІРІ ОҚИҒАСЫ
2026 жылдың мамырында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Astana LRT жүйесінің іске қосылуына қатысты.
Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желіде жүргізушісіз басқарылатын пойыздар қатынайды. Әр құрам 600-ден астам жолаушы тасымалдауға арналған.
Желіде 18 станция жұмыс істейді. Пойыздар әрбір 5–6 минут сайын қатынап, бағытты шамамен 40 минутта жүріп өтеді.

LRT – тек жаңа көлік түрі емес. Бұл Астананың урбанистикалық дамуының жаңа кезеңі.
Халық саны жыл сайын жүз мың адамға жуық өсіп отырған мегаполис үшін қоғамдық көліктің тиімді жүйесі стратегиялық қажеттілікке айналып отыр.
ӘЛЕУМЕТТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМҒА ТҮСКЕН АУЫРТПАШЫЛЫҚ
Халық санының өсуі жаңа мектептер мен ауруханалар салуды талап етеді.
Соңғы жылдары Астанада 44 мектеп салынды. 2026–2027 оқу жылына қарай тағы 12 жаңа мектеп ашылмақ.
Сонымен бірге екі оқушылар сарайын және алты балабақшаны пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бүгінде Астана мемлекеттік балабақшаларды салуды қайта қолға алған алғашқы қала.

2028 жылға дейін екі перинаталдық орталық, көпбейінді аурухана және диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталмақ. Бұл халық саны күн сайын өсіп жатқан мегаполис үшін маңызды әлеуметтік инфрақұрылым болмақ.
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қалада үш ауысымды мектептер толық жойылған. Студенттік жатақханалар салу жұмыстары да қарқынды жүзеге асып жатыр.
Бұл жобалар халық санының өсуіне жауап ретінде жүзеге асырылып жатқан ұзақ мерзімді инвестициялар саналады.
ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК
Бірнеше жыл бұрын Астанадағы негізгі мәселелердің бірі жылу тапшылығы болатын.
Соңғы жылдары үшінші жылу электр орталығының бірінші кезеңі, «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциялары іске қосылды.
Нәтижесінде қаланың жылу қуаты шамамен 30 пайызға артты.

Қазіргі уақытта «Тельман» газ жылу станциясының құрылысы жалғасып жатыр. Сонымен қатар «Оңтүстік-Батыс» газ жылу станциясын жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Бұл – халық саны үздіксіз өсіп жатқан мегаполис үшін стратегиялық маңызы бар шешімдер.
ЖАСЫЛ ҺӘМ ТАЗА АСТАНА
Көптеген жылдар бойы Астана туралы айтылған басты сындардың бірі жасыл желектің аздығы еді. Тіпті 2023 жылы 11 шілдеде Мемлекет басшысы «Астана Алматы секілді жасыл қалаға айналуы керек», - деген болатын.
Бүгінде бұл бағытта жағдай айтарлықтай өзгерген .
2025–2026 жылдары қалада жыл сайын 170-тен астам аула мен қоғамдық кеңістік жаңғыртылып, 1 миллионнан астам ағаш пен көшет отырғызу жұмыстары жүзеге асып келеді.

Ботаникалық бақ бүгінде елорданың ең танымал демалыс орындарының біріне айналды. Мұнда жүз мыңға жуық ағаш өседі.
Президенттік саябақ, «Жерұйық» саябағы, Жетісу саябағы, Орталық саябақ, Ататүрік саябағы, Самал паркі және Есіл жағалауы тұрғындардың күнделікті өмір сапасын арттыратын кеңістіктерге айналып отыр. Ол саябақтардан жарияланған видеолар миллиондаған қаралып жинап, қалаға деген қызығушылықты одан ары арттырып жатыр. Онымен қоса алдағы уақытта «Мыңжылдық» аллеясы бойында 4 шақырымдық желілік саябақ, Greenline желекжолы мен Кіші Талдыкөл эко-саябағы абаттандырылады.
Бұл жұмыстардың мақсаты тек қаланы көркейту емес. Негізгі міндет – жайлы әрі экологиялық тұрғыдан қолайлы мегаполис қалыптастыру.
МӘДЕНИЕТСІЗ ДАМУ ЖОҚ
Көптеген жас қалалар алдымен экономикаға көңіл бөліп, мәдени инфрақұрылымды кейін дамытады. Астана бұл жолды өзгеше таңдады. Бүгінде қалада әлемдік деңгейдегі «Астана Опера» мен «Астана Балет» театрлары жұмыс істейді. Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры ұлттық өнердің дамуына үлес қосып келеді. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ел тарихының ең ірі тарихи орталықтарының біріне айналды. Ұлттық музей Астанаға келген қонақтар мен туристердің баруға міндетті локацияларының бірі атанды. Ал Қазақ ұлттық өнер университеті жаңа буын мәдениет қайраткерлерін даярлап отыр. Сондай-ақ Астана Бас мешіті елорданың жаңа рухани символына айналды.

Осының бәрі Астананың әкімшілік орталықтан мәдени хаб деңгейіне көтерілгенін көрсетеді.
ПРЕЗИДЕНТ ПЕН ӘКІМ
2025 жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбек туралы:
«Жеңіс Қасымбек менің талабыма сай келетін әкім», – деп мәлімдеді.
Бұл сөзді жай саяси қолдау ретінде қарастыру жеткіліксіз.

Соңғы екі жылдағы көрсеткіштерге қарасақ, инвестиция көлемінің артуы, әлеуметтік инфрақұрылымның кеңеюі, инженерлік мәселелердің кезең-кезеңімен шешілуі, қоғамдық кеңістіктердің көбеюі және LRT жобасының іске қосылуы қала дамуының нақты нәтижелерін көрсетеді. Президенттің бағасы осы жұмыстардың қорытындысы ретінде қабылдануы заңды.
АДАМДАРҒА АРНАЛҒАН ҚАЛА
1998 жылы астананы Арқа төсіне көшіру туралы шешім қабылданғанда бұл бастамаға күмәнмен қарағандар аз болған жоқ. Сол кезеңде көптеген сарапшылар жаңа астананың тағдыры қандай болатынын болжай алмады. Алайда араға ширек ғасырдан астам уақыт салып қарасақ, Астана тәуелсіз Қазақстанның ең сәтті стратегиялық жобаларының біріне айналды деуге толық негіз бар.

Бүгінде елордада 1,6 миллионнан астам адам тұрады. Қалаға миллиардтаған инвестиция тартылып жатыр, жаңа мектептер мен ауруханалар салынуда, қоғамдық көлік жүйесі жаңартылуда, жасыл аймақтар көбейіп келеді. Бір кездері бос жатқан дала болған аумақта қазір халықаралық форумдар өтетін, әлемдік деңгейдегі театрлар жұмыс істейтін, жаңа технологиялар енгізіліп жатқан заманауи мегаполис қалыптасты.

Астананың басты ерекшелігі – оның құрылысы аяқталған жоқ. Қала әлі де өсіп жатыр, өзгеріп жатыр, жаңа міндеттерге бейімделіп жатыр. Сондықтан Астана туралы әңгімені дайын нәтижелер туралы емес, үздіксіз даму туралы әңгіме деп қабылдаған жөн.

Соңғы жылдардағы көрсеткіштер мен жүзеге асқан жобаларға қарағанда, елорда алдында тұрған ең маңызды міндет – жай ғана әдемі қала салу емес. Мақсат – экономикалық қуатты, мәдени әлеуеті жоғары, тұрғындарға қолайлы әрі бәсекеге қабілетті еуразиялық мегаполис қалыптастыру. Бүгінгі Астана осы мақсатқа қарай сенімді қадам жасап келеді.
