Қазақстан футболында соңғы жылдары Қайрат академиясының түлектері жиі нәтиже көрсетіп жүр. Солардың бірі – 18 жастағы шабуылшы Исмаил Бекболат. Ол қысқа уақыт ішінде өзін тек талантты футболшы ретінде ғана емес, маңызды сәттерде командаға көмектесе алатын ойыншы ретінде де танытып үлгерді, деп хабарлайды kaztourism.media.

Исмаил Бекболат 2008 жылдың 10 қаңтарында дүниеге келген. Футболдағы алғашқы қадамдарын «Қайрат» академиясында бастап, кейін Қайрат-Жастар сапында тәжірибе жинақтады. Оның еңбекқорлығы мен ойын өрнегі негізгі команданың бапкерлерінің назарын аударып, Премьер-лигада дебют жасауына мүмкіндік берді.

Бекболаттың басты ерекшелігі – жылдамдығы, қарсыласын алдап өте алатын дриблингі және шабуылдағы батыл шешімдері. Ол алаңға шыққан сайын ойынның қарқынын өзгертіп, қауіпті шабуылдардың басталуына себепші болады. Жас футболшы тек клубта ғана емес, Қазақстанның жасөспірімдер құрамасында да өнер көрсетіп, халықаралық деңгейде тәжірибе жинап келеді.

2026 жылғы маусым Исмаил үшін ерекше басталды. УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде Черногорияның 'Сутьескасына қарсы кездесуде қосалқы құрамнан шығып, екі нәтижелі пас беріп, Қайраттың 2:1 есебімен жеңіске жетуіне үлес қосты. Осы ойыннан кейін жанкүйерлер оның есімін ерекше атап, жас талантқа деген сенімнің артқанын көрсетті.
Бұған дейін де Исмаил жастар арасындағы УЕФА Жастар лигасында мадридтік Реалдың қақпасына гол соғып, еуропалық мамандардың назарын өзіне аударған болатын. Бұл оның үлкен матчтарда қысылмай ойнай алатынын дәлелдеді.

Бүгінде Қайраттың жанкүйерлері Исмаил Бекболатты клубтың болашақ көшбасшыларының бірі ретінде бағалайды. Оның жасы небәрі 18-де болса да, ойынға деген көзқарасы мен жауапкершілігі кәсіби деңгейге сай. Егер осы қарқынын сақтай алса, жақын уақытта Қазақстан құрамасының негізгі ойыншыларының біріне айналып, Еуропа чемпионаттарында бақ сынауы мүмкін.