1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Жезқазған қаласында жаңа «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының ресми ашылу рәсімі өтті. Заманауи білім беру және шығармашылық кеңістігі Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен салынып, қалаға тарту ретінде берілді, деп хабарлайды kaztourism.media.
Жезқазғанның Батыс ауданында орналасқан орталық балалар мен жасөспірімдердің қосымша білім алып, шығармашылық қабілеттерін дамытуына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Өндірістік тарихы бай қала үшін бұл жобаның маңызы ерекше. Себебі балалардың шығармашылық және зияткерлік дамуына арналған мұндай ауқымды заманауи нысан Жезқазғанда соңғы 70 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет салынып отыр.

Жобаның құны – 4 миллиард теңге. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков жаңа орталықтың өңір үшін маңызын атап өтті.
«Өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы өскелең ұрпаққа салынған инвестициямен тікелей байланысты. Бұл жай ғана заманауи ғимарат емес, балалардың білім алып, өз қабілеттерін дамытып, технология, шығармашылық және спортпен лайықты жағдайда айналысуына мүмкіндік беретін кеңістік. Дәл осындай жобалар өскелең ұрпақтың өз болашағына деген сенімін қалыптастырады», – деді облыс әкімі.
Жалпы аумағы 2600 шаршы метрден асатын кешенде арт-студия, күйдіру бөлмесі бар қыш шеберханасы, ерте дамыту орталығы, жекпе-жек және хореография залдары, физика, математика, жаратылыстану және робототехника кабинеттері орналасқан STEM-аймақ, цифрлық өнер мен графикалық дизайн студиясы, фотостудия, музыка сыныптары, шахмат кабинеті және кең акт залы бар.

Орталықта барлығы 14 оқу кабинеті, қызметкерлерге арналған жеке аймақтар, медициналық кабинет пен коворкинг кеңістіктері қарастырылған. Ғимарат бір уақытта 250 балаға дейін қабылдай алады. Үйірмелердегі сабақтар тегін әрі бірнеше ауысыммен өткізілетіндіктен, орталық күніне 600-ге дейін баланы қамтуға мүмкіндік береді.

Аумағы 1,6 гектарды құрайтын кешенде спорт және ойын алаңдары, сондай-ақ абаттандырылған қоғамдық кеңістік орналасқан. Жобаны әзірлеу барысында инклюзивті орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. Мұнда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың кедергісіз келуіне барлық жағдай жасалып, сенсорлық бөлме жабдықталған.

Болат Өтемұратов Қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман мұндай бастамалардың елдің адам капиталына салынған ұзақ мерзімді инвестиция екенін айтты.
«Білім беру саласын қолдау және балалар мен жастардың жан-жақты дамуына арналған заманауи инфрақұрылым қалыптастыру – Қор қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Жезқазғандағы жаңа орталық өңір балаларының сапалы қосымша білім алып, шығармашылық әрі кәсіби тұрғыдан дамуына тың серпін береді деп сенемін», – деді ол.
Ал «Верный Капитал» компаниялар тобының бас директоры Айдан Ақанов құрылыс барысында сапаға, қауіпсіздікке және балалар үшін жайлы орта қалыптастыруға басымдық берілгенін атап өтті.
Оның айтуынша, бизнестің табысы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, қоғамға тигізген нақты пайдасымен де өлшенеді. Сондықтан білім мен өскелең ұрпақтың дамуына бағытталған жобаларды қолдау компанияның басты құндылықтарының бірі болып қала береді.

Өңір үшін маңызды нысанның ашылуына Ұлытау облысы мен Жезқазған қаласының басшылығы, Болат Өтемұратов Қоры мен «Верный Капитал» компаниялар тобының өкілдері, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, депутаттар, БАҚ өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.

Жезқазғандағы жаңа «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы Болат Өтемұратов Қоры жүзеге асырып жатқан ірі әлеуметтік жобалардың қатарын толықтырды. Қор соңғы 12 жыл ішінде Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде әлеуметтік маңызы жоғары жобаларды іске асырып келеді. Олардың қатарында Есік пен Қосшы қалаларындағы мектептер, Қызылордадағы жаңа әуежай және Қосшыдағы комьюнити-орталық бар. Бұл бастамалардың басты мақсаты – халықтың өмір сапасын арттырып, өңірлердің тұрақты дамуына үлес қосу.